Маңғыстауда әскери қызметші шартты неке құрып, мемлекетке 43 млн теңге шығын келтірді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ол тұрғын үй өтемақысын алу үшін танысының әйеліне үйленді. Отбасындағы әр жанға 8 674 038 теңгеден аударылған.

Фото: freepik.com

Ақтөбе гарнизонының әскери сотында ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облыстық департаментінің басқармасында аға жедел уәкіл болған К.Алматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, 20 жылдан астам тәжірибесі бар әскери қызметші тұрғын үй өтемақысын алу үшін құйтұрқы әрекетке барады. Ол төрт баласы бар танысының әйелімен шартты неке қияды. Бұл қызмет үшін 3 000 000 теңге сыйақы беруге уәде еткен.

2022 жылы тамызда келісім жүріп, танысы ресми түрде ажырасады. Ал өзі сол жылы қыркүйекте некесін бұзады. Екі неке де бұзылып, ойға алған істі аяқтау үшін сотталушы К.Алмат Қостанай облысына барады. Сөйтіп 2022 жылы қазан айында онлайн өтініш беріп, неке заңдастырылды. Құжаттардың барлығын жинап, 2023 жылы наурызда төрт баласы мен ерлі-зайыпты алтауына 50 157 942 теңге тұрғын үй өтемақысы беріледі. Қаржы банктен ашылған арнайы есепшотқа түседі. Жыл соңына қарай банк есепшотында тұрған ақшаны иемдену үшін сотталушы 50 503 793 теңгеге Қостанай қаласынан үй сатып алады. Ол да өзінің танысының үйі болып шықты. 2024 жылы ақша бір банктен, екінші банкке аударылып, кейін қолма-қол шешіп алады. Келісім бойынша танысының отбасына 3 000 000 теңге береді.

Ал 2024 жылдың мамыр айында пайда табу үшін құрылған шартты неке бұзылады.

Сотта сотталушы К.Алмат өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол туысқан танысының әйелі ұсыныс жасаған соң көмектескенін, ал өз зайыбымен арадағы қарым-қатынас ушығып, ажырасқанын айтты. Шартты неке қиған әйел болса мұның бәрін жоққа шығарды.

Айта кетейік, мемлекет әр отбасы мүшесіне 8 674 038 теңгеден есептеп, қаржы бөлді. Яғни сотталушының өзін қоспағанда бес адамға 43 370 190 теңге шығын келтірді. Сот үкімімен сотталушы К.Алмат Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан, подполковник шенінен айырылды. ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облыстық департаментінің азаматтық талап арызы қанағаттандырылды. Сотталушы мемлекетке 43 370 190 теңгені қайтаруы тиіс.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген азаматқа 82 700 теңге айыппұл салынды