Орталықтың хабарлауынша, Facebook әлеуметтік желісінде Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы ақпарат тараған.
Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі және Қорғаныс министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, әскери қызметшінің қаза болғаны туралы ақпарат расталмады.
- Дезинформацияға қарсы күрес орталығы әлеуметтік желі қолданушыларын ресми дереккөзге сілтемесі жоқ ақпаратқа сенбеуге шақырады. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін, - делінген орталық хабарламасында.
Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде Каспий теңізінде қайғылы жағдай болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі істің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссияға атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке жеті күн ішінде баяндау міндеті жүктелді.
Сондай-ақ Президент Дәурен Қосановты Қорғаныс министрі қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Дезинформацияға қарсы күрес орталығы Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты бірнеше жалған ақпараттың тарағанын хабарлаған еді. Қорғаныс министрлігі екі матросқа қатысты тараған ақпаратты да жоққа шығарды.
Бұған дейін, Құрылтай депутаты Никита Шаталов Каспийдегі қайғылы оқиғаға жауап қызметтен босатумен және қамауға алумен шектелмеуі керек екенін айтты.