Каспийдегі қайғылы оқиғаға жауап қызметтен босатумен және қамауға алумен шектелмеуі керек — Шаталов
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаты Никита Шаталов Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу туралы пікір білдіріп, қоғамның әділдікке деген талабы кадрлық шешім қабылдау және жекелеген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартумен шектелмеуі керек екенін айтты.
Оның пікірінше, Қорғаныс министрлігінің жұмысын жүйелі түрде тексеріп, қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін себептерді анықтау қажет.
— Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғадан кейін қоғам сарбаздардың қазасына кінәлілердің жазаланатынын заңды түрде күтеді. Бұл талап орынды, бірақ оған берілетін жауап қызметтен босату, қамауға алумен шектелмеуі керек — ведомствоның қалай жұмыс істейтінін жүйелі түрде тексеру қажет, — деді Шаталов.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның құрылғанына назар аударды. Депутаттың пікірінше, оның жұмысы тек тәртіп мәселелерін ғана емес, қорғанысқа бағытталған қаражаттың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын да бағалауға мүмкіндік береді.
Шаталов қылмыстық тергеуге де тоқталды. Қарулы күштердің бес лауазымды тұлғасына күдікті мәртебесі беріліп, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Депутат әрбір іске қатысы бар адамның әрекетіне түпкілікті бағаны сот беруі тиіс екенін атап өтті.
Оның пікірінше, кешенді тексеру қорытындысы басқа да заң бұзуды, соның ішінде ведомствоның қаржылық қызметіне қатысты заң бұзуды анықтауы мүмкін.
Шаталов Қорғаныс министрлігі басшылығының ауысуына да пікір білдірді. Оның айтуынша, ведомствоның жаңа басшысы тексеру барысында анықталатын жүйелі мәселелерді жоюға баса назар аударуы тиіс.
Депутаттың сөзінше, басты басымдықтардың бірі әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын сақтау болуы керек.
Шаталов болған оқиғадан кейін мемлекет тарапынан бірқатар шешім қабылданғанын, соның ішінде комиссиялар құрылғанын, тергеу жүргізіліп, қаза болғандардың отбасыларына қолдау көрсетілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, түпкілікті қорытынды тек жан-жақты талқылау мен егжей-тегжейлі тергеуден кейін жасалуы керек.
— Әділдік егжей-тегжейлі тергеу қорытындысы бойынша қалпына келтірілуі тиіс. Кінәлілер жауапкершіліктен құтылмауы, ал кінәсіздер жазаланбауы керек. Бұл қаза болғандарды қайтара алмайды. Бірақ қабылданған шешімдер мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуі тиіс, — деп атап өтті депутат.
Еске салайық, Каспийдегі қайғылы оқиға 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкетті.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссияға атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке жеті күн ішінде баяндау тапсырылды.
Бүгін Президент Дәурен Қосановты Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.