«Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуы қорытындыланды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қорытындыланды. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның әскери қызметшілері қатысты.
Оқу-жаттығулар «Оймаша» полигонында және Тоқмақ мүйісіндегі Каспий теңізінің аумағында өтті.
Халифат мемлекетін құруға ұмтылған заңсыз қарулы құрылымдарды тауып, олардың көзін жою жөніндегі бірыңғай оқу-жауынгерлік тапсырмалар «Оймаша» полигонында басталып, «Тоқмақ» мүйісіне жақын теңіз учаскесінде жалғасты.
Арнайы операцияны сәтті жүзеге асыруда жерден және әуеден барлау қызметтері маңызды рөл атқарды. Бандалық құрылымдардың базаларын тапқаннан кейін, арнайы мақсаттағы топтар соққы беру үшін армиялық авиацияға координаттарды тапсырды. Сонымен қатар, алғы шептегі базалық аймақтарды, содырлардың позицияларын және олардың бағдары мен қозғалысын іздеуді жауынгерлік экипаждар, Wing Loong, Orbiter және Puma ұшқышсыз ұшатын аппараттарындағы барлау кешендері жүзеге асырды.
Одан әрі біріккен әскерлер тобының бөлімшелері барлау жүргізіп, минаға қарсы қамтамасыз ету, аралық базаны, құрлықтағы және теңіздегі содырларды жою жұмыстарын жүргізді. Операцияға әскери-теңіз десанты мен әуе десанттары, шабуылдау эшелондары, мобильді-атыс тобы қатысты.
Шет елдерден келген әскери қызметшілер оқу-жаттығудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, әскери тапсырмаларды бірге орындау арқылы үлкен тәжірибе жинағандарын айтады.
- Оқу-жаттығудың мақсаты — осы елдердің әскерін біріктіріп, жауынгерлік тапсырмаларды бірге орындауға жұмылдыру болатын. Менің ойымша, көздеген мақсатқа қол жеткіздік. Келесі оқу — жаттығуға да қуана қатысамыз, - дейді Әзербайжан Республикасының әскери қызметшісі Сахиб Мамедов.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірліктері мен құлшыныстарын ерекше атап өтті.
— Оқу-жаттығу жоспарын іске асыру барысы нақты жауынгерлік жағдайларға жақын модельденді. Қайта топтастыру және біріккен әскерлер тобын құру мәселелері пысықталды. Тактикалық эпизодтарды орындау кезінде әртүрлі қару-жарақ пен әскери техника қолданылды. Әскери қызметшілер тапсырманы сәтті орындап, жауынгерлік жағдайдағы өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін алды, — дейді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Шарада Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының Қорғаныс министрлері мен Тәжікстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары да сөз сөйлеп, оқу-жаттығуды ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Қатысушы елдер қарулы күштерінің ықтимал агрессиялық актілерді тойтаруға жауынгерлік әзірлігін одан әрі нығайтатындарын жеткізді.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша бірқатар әскери қызметші халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы медальдармен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, бірлескен маневрлер «Оймаша» оқу полигонында, Қарақия ауданының Тоқмақ мүйісінде және Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында өткізілді. Оған төрт мың әскери қызметші, 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.