Атап айтқанда, кездесуге Маңғыстау энергокомбинатының құрылысына, БН-350 реакторлық қондырғысының іске қосылуына қатысқан ардагерлер мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы БН-350 реакторлық қондырғысының директоры Марат Молдағұловтың айтуынша, соңғы үлгімен салынатын АЭС электр қуатын өндіретін өзге станцияларға қарағанда ең қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан ең тиімдісі әрі тұрақты болып саналады.
– Қазіргі уақытта әлемде шамамен 400-ге жуық реакторлық қондырғы жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 200-ден астамы – атом станциясы. Америка, Франция, Қытай, Ресей, Үндістан сияқты ірі мемлекеттерде реакторлар салынған. Ал, Түркияда қазір ең үлкен атом станциясы салынып жатыр. Қазіргі таңда атом станциялары барлық процестің толық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп атом энергетикасы маманы ретінде айта аламын. АЭС-тің қауіпсіздігі көптеген ереже мен қауіпсіздік шараларымен кепілдендірілген, - деді ол.
Ардагерлер кеңесінің мүшесі, ядролық физика маманы Акылбек Ахметов атом электр станциясын салу елдің ары қарай дамуы мен Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі үшін өте маңызды екенін айтты.
– Бірақ, ең алдымен, бізді, осы елдің азаматтарын халықтың және қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігі толғандырады. Ол – заңдылық. Маңғыстауда атом энергетикасы саласында жақсы тәжірибе жиналды. Реакторлық қондырғы жұмыс істеген уақытта ешқандай апаттар мен елеулі оқиғалар болған жоқ. Сондықтан осы сала ардагерлері мен қызметкерлерінің білімі мен жоғары кәсіби біліктілігі елдің энергетикалық болашағының негізін қалап отыр, - деді ол.
Сонымен қатар ақсақалдар атом электр станциясы салынатын аймақтың экологиялық жағдайына алаңдаушылықтарын білдірді.
– Егер су қоймасы жағасында атом электр станциясы немесе атом энергетикалық кешені салынса, ол бірден радиоактивті көлге айналады деген пікір – мүлдем қате. Мысал ретінде МАЭК-тің суы салқындатылып төгілетін Қаракөл көлін келтіремін. Бүгінде бұл табиғи резерватқа айналып, аққулар, пеликандар, қоқиқаздар ұшып келеді. Демек, ұшып келетін құстардың қоректенуіне жақсы қалыптасқан фауна мен флора бар. Жоспарланған мекенде АЭС салынбас бұрын, тиісті салқындатқыш құрылғылар – градирнялар орнатылады. Сонымен қатар жылу бөлетін элементпен тікелей жанасатын бірінші контур жабық жүйеде жұмыс істейді. Онда арнайы дайындалған су пайдаланылады. Бірінші контурдан жылуды алып, турбиналарға бу беретін екінші контур да жабық циклде жұмыс істейді. Сондықтан АЭС салынатын аумақтың жанында үш сатылы қауіпсіздік сақталады», - деп атап өтті Марат Молдағұлов.
Кездесу барысында Ақтауда ширек ғасыр бұрын жұмыс істеген БН-350 реакторлық қондырғысының аймақтың өмірі мен дамуына тигізген оң әсерін еске алып, сол кезде ауыз су мен электр энергиясының тапшылығы болмағанын айтты.
Қариялардың айтуынша, Ақтауда атом станциясы іске қосылған соң шөл далаға жан бітіп, тіршіліксіз жатқан түбек алып шаһарға айналды. Үздіксіз келіп тұрған электр қуатының арқасында ірі өндіріс ошақтары пайда болды. Сол кезде-ақ атом энергетикасының өндірістің қозғаушы күші екені анық көрінгені айтылды.