АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта 1 маусымнан бастап ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Енді салмағы 8 тоннадан асатын көліктер республикалық маңыздағы автожолдарда жүрмейді. Шектеу 31 тамызға дейін жалғасады.
Мамандардың айтуынша, күн қатты ысыған кезде асфальттің беті ериді. Сондықтан жүк көліктердің салмағынан көтере алмайды.
«Маңғыстау облысының республикалық маңызы бар тас жолдарында осы жылдың 1 маусымынан 31 тамызы аралығында жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктерге жүруге тыйым салынды. Ауа температурасы 25 градустан асқан жағдайда, сағат 10:00 - 22:00 аралығында жүруге болмайды. Себебі күн ысыған кезде жолдың жабыны еріп, балқиды. Ал жүк көліктері жүрген кезде жол бойында толқындар пайда болады. Сондықтан уақытша шектеулер енгізіліп отыр», - дейді жолдың сапасына жауапты мекеме өкілі Ерлан Биялиев.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.