Маңғыстауда балабақша директоры 3 жылға бас бостандығынан айырылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау ауданының прокуратурасы Маңғыстау ауданындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде, директордың іс жүзінде балабақшаға бармаған балалар үшін мемлекеттік бюджеттен 6,6 миллион теңге заңсыз алғанын анықтады.
Аталған оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық Кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру қорытындысымен сотқа жолданған.
- Балабақша директорына қатысты үкім шықты. Ол мектепке дейінгі оқыту мен бала тәрбиелеуді ұйымдастыру саласында қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға айырылды. Сонымен қатар оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындылды. Сот үкімі заңды күшіне енді, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Маңғыстау ауданындағы балабақшаларды тексеру барысында көптеген заң бұзушылық анықталған. Мектепке дейінгі мекемелерде санитарлық норма, өрт қауіпсіздігі, еңбек заңнамасы, сондай-ақ білім беру және медициналық қызмет салаларында бұзушылықтар табылды. Барлығы 111 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 19 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Бұған дейін, Маңғыстаудағы Қызылсай ауылында балабақшада балалар жаппай астан уланғаны туралы жазған болатынбыз.