Маңғыстауда балабақша қызметкері 1 жарым жастағы баланың қолын шығарып жіберді
АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы жеке балабақшалардың бірінде болған.
Зардап шеккен бүлдіршіннің анасы Венера Жансерікованың айтуынша, қызы қолы ауырса да, апайынан қорқып жыламаған.
— Оқиға қаңтардың 17-сі күні болды. Мен жұмыста едім. Жолдасым қызымды балабақшадан алған бойда бейнеқоңырау шалып, қолы шығып кеткен сияқты деді. Мен бірден ауруханаға апар деп, өзім де жедел сонда бардым. Қызымның қолы шыққан. Сүйегі тайып кеткен дейді ғой, дәрігер орнына салып, таңып берді. 7 жасқа дейін ойнамалы болатынын айтты, — дейді ол.
Алайда, бұл жағдайды баланың тәрбиешісі де, бала күтуші де мойындамай, ештеңе байқамағандарын айтқан. Сондықтан ата-ана сол күнгі бейнежазбаны көрсетуді талап еткен.
Бейнежазбада жерде отырған қызына бала күтушінің ұмтылып, қолынан жұлқып, басқа жерге ығыстырғанын көрген. Екінші рет ұйқыдан тұрған кезде киіндіріп жатып, қолынан тартып қалған. Сол кезде бүлдіршіннің қолы шығып кеткен көрінеді.
— Менің қызымды отырған жерінен қолынан тартқан, сол кезде шынтақ сүйегі тайып кеткен. Бірақ жыламайды себебі апайынан қорқатын сияқты. Сол жерде 10-15 минут отырады, қолы ауырғасын. Қызым ұйқыдан бірінші оянды, апайы келе жатса, қайта жата қалады видеода, демек қорқатын болғасын жыламаған болып тұр, — дейді ата-ана.
Венера Жансерікова бір күннің бейнежазбасын толық көріп, жаға ұстатарлық жәйттарға куә болған. Айтуынша, тәрбиеші мен бала күтуші топтағы 15 баланы күн ұзағына телевизордың алдында ұстап, барлығын бір қасықпен тамақтап, шәй-су бермей шөлден қатырған.
— Бала күтуші бір тәрелке сорпаға нанды малға турағандай уатып салып жатыр. Қолында қолғап жоқ. Балаларды обедке отырғызады. 3 стол жайылған. Бірінші үстелде 6 бала 6 қасық, екінші столда жанағы нан туралған бір тарелка сорпа 3-4 бала отыр. Үшінші үстелде де солай. Екінші тамақ пен компот берілмеді. Полдник атымен жоқ. Кешкі асқа екі стол жайды, біреуінде екі тарелка бір қасық, екінші столда екі тарелкада жарма ботқасы бір қасық. Сусын жоқ ешқандай. Сол кешкі ас екен. 15 бала екі столға бөлініп отырады. Тәрбиеші мен няня екі столда бір қасықпен кезек-кезек ботқаны балаларға жегізеді. Видеода түгел анық көрініп тұр. Менің қызым қолы салбырап тұрса да, тамақ жеу үшін сау қолымен орындығын тасып жүр. Бұл жолы да ешқандай сусын бермеді. Балалар күн ұзағына шөлдеп жүрген, — дейді ата-ана.
Венера Жансерікованың үлкен қызы да осы балабақшаның тәрбиеленушісі. Бұл оқиғадан кейін ол қыздарын шығарып алған. Прокуратураға, санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау департаментіне және білім басқармасына арыз жазған. Алайда әлі жауап жоқ.
— Баланың қолын шығарып алған жеріне келгенде тәрбиеші алдыма тұрып алып, видео түсіртпеді. Камераны қосып берген директордың күйеуі кетіп қалды. Бір сағат күтіп, келмеген соң, 102-ге соғып, полиция шақырдым. Сол учаскелік полицейдің көзінше маған ашқа ұсынды. Садиктің ақшасын қайтарамыз, 10 ай мамырға дейін тегін келсін деді, — дейді Венера Жансерікова.
Осы оқиғаға қатысты аталған жекеменшік балабақшаның директоры пікір білдірді. Оның айтуынша, тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан шығарылған.
— 17-сі күні біздің балабақшада келеңсіз жағдай болды. Сол топтың тәрбиешісі мен оның көмекшісі екеуі де жұмыстан босатылды. Топ жабылды. Мемлекеттік органдар тексеру жүргізіп жатыр. Асханадан тамақ талапқа сай беріледі. Тәрбиешінің көмекшісі ыдыс жуғысы келмей осылай жасаған. Ол кінәсін мойындады, — дейді жекеменшік балабақшаның директоры Раушан Аяпбергенова.
Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлының мәліметінше, аталған жағдайға қатысты зерделеу комиссиясы құрылып, балабақша талаптарының орындалуына зерделеу жүргізілген. Анықталған кемшіліктер бойынша шара алу жөнінде құзырлы органдарға хат жолданған. Сондай-ақ, болған жәйтті хабарламаған полиция қызметкеріне айыппұл салынған.
Бұған дейін, Маңғыстауда Қызылсай ауылында балабақша тәрбиеленушілері жаппай астан уланып қалғанын жазған болатынбыз.