АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға кешкі мезгілде сағат 19:05 — 23:00 аралығында болған. Бейнеу аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне 9-12 жас аралығындағы 11 бала жедел-жәрдеммен жеткізілген. Олардың барлығында құсу мен әлсіздік болған.
Бейнеу ауданы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, балалар 2,3 және 5-сынып оқушылары. Барлығы да дәрігерлердің тексеруінен кейін үйлеріне жіберілген.
— Дәрігерлер қарап, балаларды үйлеріне қайтарды. Ауруханаға жатқызылғандар жоқ. Қазіргі уақытта оқушылардың денсаулығы бірқалыпты, амбулаторлық бақылауда, — делінген хабарламада.
Ал, Бейнеу аудандық санитариялық — эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары осы оқиғадан кейін, жедел тергеп-тексеру жүргізіп, азық-түліктерден сынамалар алған. Оқушылардың неден ауырғанын анықтау үшін, санитариялық профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін, Маңғыстауда Қызылсай ауылында балабақшада балалар астан уланған еді.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.