Маңғыстауда бизнес субьектілерінің 47 пайызын әйелдер басқарады
Маңғыстауда бизнес субьектілерінің 47 пайызында әйелдер басшылық жасайды. Бұл туралы Ақтауда өткен “Asmar - бірлік дәстүрлері” әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық конгресінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық конгресске Қырғызстан, Германия, Әзірбайжаннан және еліміздің барлық өңірінен 370-тен астам адам қатысты.
- Маңғыстау облысында 70 мыңнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Соның 47 пайызының басшылары - қыздар, әйел адамдар. Бұл көп нәрсені аңғартады және жалпы өңірлік түсімдердің үлесі шағын және орта бизнестен, соның ішінде әйелдер басқарып отырған мекемелерден шығып отыр. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға сәйкес атқарылып жатқан істер. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан істер. Біз бұл істерді жергілікті атқарушы орган өкілдері ретінде жалғастырамыз,- деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сессияның бірінші бөлімінде “Халықаралық әйелдер қатынасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады". тақырыбы талқыланды. Мұнда Қырғызстан, Әзірбайжан, Германиядан келген халықаралық ұйым өкілдері ойларын ортаға салды. Ал шараның ұйымдастырушылар мұндай бастама қыз-келіншектер үшін аса маңызды екенін айтты.
- Ең бірінші мақсат - шағын бизнесте жүрген қыз-келіншектерді орта және үлкен бизнеске өсіру. Жаңа инструменттерді іске қосу. Оның ішінде қаржылық қолдау көрсету, деді “Asmar” Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігі ұлттық қауымдастығының төралқа төрайымы
Ләззат Рамазанова.
Сондай-ақ конгрессте екі ұлттық жоба – "ALTYN OIMAQ" және "Бір ауыл - бір өнім" өнімдерінен көрмесі жасақталды. Өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің және ауылдардағы шағын бизнес өкілдері Қазақстаннан тыс жерлерге шығарып отырған өз бұйымдарын таныстырды.
- Әйел кәсіпкерлер бизнес инструменттерін алып жатыр. Біздің бағытымыз қандай? Біз цифрлық бизнеске көшуіміз керек. Бүгін осы тақырып кеңінен талқыланып жатыр. Әр әйелдің өзінің кәсіпте жеке тарихы бар. Кім қалай жетістікке өзі жетті? Бөлісіп жатыр. Әйел адамға көп мотивация керек. Өйткені әйел адамның жасайтын жұмысы көп: қоғамда да, үйде де. Сондықтан кәсіпте жетекші болу үшін әйел адамға көмектесу керек, деді Маңғыстау облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Салихова.
Конгресс аясында "Аsmar" Қазақстан кәсіпкер әйелдер ассоцияциясы, Ұлттық экономика министрлігі және Маңғыстау облысы әкімдігі мен Қазақстан жеңіл өнеркәсіп ассоцияциялары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Айта кетейік, қазақстандық әйелдер 1 млн-нан астам адам жұмыс істейтін барлық шағын бизнес кәсіпорындарының 44% - дан астамын басқарып отыр. Тек Маңғыстау облысында әйелдер қызмет көрсетуден бастап ауыл шаруашылығына дейін түрлі салалардағы компанияларға жетекшілік етеді.