АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қонарбай Базарбаевтың хабарлауынша, инспекция қызметкерлері итбалықтар анықталған аумаққа аттанған.
- Кен орындарының өкілдері 11 итбалық жинаған. Біздің мамандар қазір Қаражанбас кен орнына жетті. Олар итбалықтарды көлікке тиеп, теңізге жіберу үшін Форт-Шевченко жағалауына апарады, - дейді Қонарбай Базарбаев.
Инспекция қызметкерлері кен орындарына жақын жағалау әлі де мұзбен жабылғандықтан итбалықтарды ашық суға апаруды шешкен. Сондай-ақ мамандар итбалықтар табылған учаскелерді тексеріп шықпақ.
Бұған дейін Маңғыстауда кен орындарының аумағынан итбалықтар табылып жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.