Маңғыстауда екі мектеп апатты жағдайда жұмыс істеп тұр
Маңғыстауда апатты жағдайдағы 2 мектеп бар. 15 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Өңірдегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу мақсатында биыл 3972 орындық 11 жекеменшік мектеп пайдалануға берілген.
Алдағы 2 жылда 26 білім ордасы ашылады деп жоспарланып отыр.
Оның 17-сі — келесі жылы, ал 9-ы — 2025 жылы пайдалануға берілмек.
— Өңірде бала туу және ішкі көші-қон көрсеткішінің артуына байланысты жыл сайын балалар контингенті орта есеппен 6-7 мың балаға өсіп отыр. Бүгінгі таңда оқушы орындарының тапшылығы — 11 096 орын. Өткен жылы 9156 болған. Білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 4800 орындық 4 мектептің құырылысы жүргізілген. 2024 жылы пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 22 мың орындық 21 мектеп салынады. 13 мектепті келесі жылы ашу жоспарланып отыр. Бүгінде 13 мектептің конкурсы өтіп, құрылыс жұмыстары басталды. 2025 жылы қалған 8 мектеп ашылмақ, -деді Динара Жұмашева.