Нұрдәулет Қилыбай Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы және археолог Андрей Астафьевпен бірге Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығына барды.
Алдымен делегация Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Қарақабақтан табылған тарихи жәдігерлермен танысты. Кейін археологиялық нысанға барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін талқылады.
Мамандардың айтуынша, Қарақабақ ежелгі сауда және қолөнер орталығы болған. Археологиялық зерттеулер бұл аймақ арқылы осыдан екі мың жыл бұрын халықаралық сауда қатынастары жүргенін дәлелдеп отыр.
Ғалымдардың пайымдауынша, Қарақабақ Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды теңіз-құрлық сауда торабы ретінде Каспий маңы мемлекеттерінің саяси және экономикалық байланыстарында ерекше рөл атқарған.
Қалашықтан Византия, Үндістан, Рим, Парсы және Қытаймен байланысты дәлелдейтін тиындар, мөрлер, қыш ыдыстар және түрлі тарихи жәдігерлер табылған.
Сонымен қатар археологтар көне порттың іздерін, қолөнер өндірісі мен теңіз саудасына қатысты көптеген деректерді анықтаған.
Нұрдәулет Қилыбай Қарақабақтың тарихи маңызына тоқталып, бұл жаңалықтар Маңғыстаудың көне өркениеттер мен халықаралық саудадағы орнын айқындай түсетінін айтты.
– Біз қазір Қарақабақ деген жерде тұрмыз. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл қала ІІ ғасырдағы Рим ғалымы Клавдий Птолемей жасаған Каспий теңізінің шығыс жағалауы картасында Аспабота атты қала-мемлекет ретінде көрсетілген. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өз дәуірінің ірі логистикалық хабы болған. Бұл деректер ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып, мал шаруашылығымен ғана айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, мұнда үлкен сауда айналымы жүргенін, өркениет болғанын дәлелдейді, – деді облыс әкімі.
Сапар барысында мамандар Маңғыстауда археологиялық туризмді дамыту жөніндегі ұсыныстарын да таныстырды.
Жоба аясында Қарақабақ аумағында ғылыми-археологиялық база, ашық аспан астындағы музей, туристік инфрақұрылым және арнайы экскурсиялық бағыттар құру жоспарланып отыр.
Мамандардың пікірінше, бұл бастама өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, туризм саласының дамуына серпін береді.
Сапар қорытындысында Маңғыстау облысының әкімдігі мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты археологиялық зерттеулер мен тарихи мұра нысандарын дамыту жұмыстарын бірлесіп жалғастыруға уағдаласты.
Айта кетейік, Масат ата жерасты мешіті туралы мынау сілтемеден оқи аласыз.