Маңғыстауда есірткі тасымалының жолы кесілді

Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасы

АҚТАУ. KAZINFORM — 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Маңғыстау облысының прокуратурасы өңірдегі заңдылықты сақтау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында кешенді әрі, тиімді жұмыстар жүргізген. 

Маңғыстау облысы прокурорының міндетін атқарушы, аға әділет кеңесшісі Жандос Бердіқұловтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Заң мен тәртіп» қағидатын орындау мақсатында, қылмыстың алдын алу, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, оның ішінде интернет-алаяқтық, есірткі бизнесімен күрес, сондай-ақ қаржы пирамидаларына тосқауыл қою сынды басым бағыттар ерекше назарда болған.

Есірткі заттарының заңсыз айналымы — қоғам үшін ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Бұл тек қылмыстық әрекет қана емес, сонымен қатар ұлттың болашағына төнген елеулі қауіп. Көп жағдайда қылмыскерлер өздерінің заңсыз әрекеттерін жүзеге асыру үшін «Telegram», «Instagram» секілді мессенджерлерді пайдаланады. Есірткі заттарын белгіленген орындарға жасырын қалдырып, кейін тұтынушыға GPS арқылы нақты мекенжайын хабарлау жүйесі — «Клад» тәсілі кеңінен қолданылады.

Осы тұста әсіресе жасөспірімдерді «курьер», «сақтаушы» немесе «тасымалдаушы» ретінде тарту, онлайн платформалар арқылы есірткі тарату және криптовалюта арқылы төлем қабылдайтын жалған интернет-дүкендерді қолдану да жиі кездеседі.

Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасы

Облыс прокурорының міндетін атқарушы Жандос Бердіқұловтың айтуынша, солардың бірі «Telegram» мессенджері арқылы есірткі саудасымен айналысқан «Dune Operator» онлайн есірткі дүкенімен байланысты, трансұлттық қылмыстық тобына тосқауыл қойылып, өңір аумағында аса ауыр есірткі тарауының жолы кесілген.

— Тергеу барысында, Ресей Федерациясының азаматтары қатысқан ұйымдасқан трансұлттық топ интернет арқылы психотроптық заттарды таратқаны анықталды. Маңғыстау облысы прокуратурасы қызметкерлерімен Шымкент қаласында 4 азамат банк кассасына есірткі саудасынан түскен 1 млрд 155 млн теңге және 176 мың АҚШ долларын шетелге аударып жатқан кезінде ұсталды. Қылмыстық топтың 4 мүшесіне қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, ал 2 шетелдікке іздеу жарияланды, — дейді Жандос Бердіқұлов.

Сонымен қатар, прокуратурамен 25 «дроппердің» KaspiBank-тегі шоттарынан 134 млн теңге, 1 жеке кәсіпкерліктің шотынан 1 млрд теңге, криптовалюта әмиянынан 734 228 АҚШ доллары (USDT) анықталып, шектеу қойылған. Бұл іс — өңірдегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы бағытталған кешенді және табанды күрестің жарқын көрінісі болды.

Интернет-алаяқтық — ғаламтор арқылы сенімділікке кіріп, жеке деректерді, банк шоттарын немесе ақша қаражатын заңсыз алу мақсатында жасалатын қылмыстық әрекет. Бұл — азаматтардың жеке мәліметтері мен ақшалай қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған алаяқтықтың заманауи формасы. Прокуратураның бастамасымен облыс аумағында алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ведомствоаралық бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылған.

— Прокуратурамен «Antifraud» жүйесі арқылы 175 интернет-алаяқтық дерегі анықталып, 6 млн теңгеден астам сомаға күмәнді қаржылық операциялар бұғатталды. 23 дропперден жәбірленушілердің пайдасына 15 млн теңге өндірілді. Сонымен қатар алаяқтық арқылы алынған 61 млн теңгеден астам несие бойынша пайыз есептеу мен төлемдер уақытша тоқтатылды, — дейді облыс прокурорының міндетін атқарушы Жандос Бердіқұлов.

Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасы

Прокурорлар осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Халық көп шоғырланатын орындарға ескерту баннерлері орнатылып, «Алаяқтар» атты қысқаметражды бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желіде 200 мыңнан астам қаралым жинаған. «Cyber-Prokuror» Telegram-боты іске қосылып, тұрғындарға алаяқтық фактілері туралы тікелей хабарлау мүмкіндігі берілді.

Бұған қоса, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында, облыстың барлық білім беру ұйымында «Тәртіпті ұрпақ — қауіпсіз қоғам» акциясы өткізілген. Нәтижесінде, 60 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 2 мың студентпен кездесу ұйымдастырылып, құқықтық тәрбие мен цифрлық қауіпсіздік мәселелері түсіндірілді.

Қазір қоғамда халықтың үміті мен сенімін пайдаланатын алаяқтықтың ең күрделі түрі — қаржы пирамидалары. Олар көбінесе «жеңіл табыс», «жоғары пайыз», «инвестициялау арқылы пайда табу» — деген желеумен жұртты алдап, халықты қаржылық қиындыққа ұшыратады.

Қаржы пирамидасы — бұл бастапқы салымшыларға кейінгі салымшылардың ақшасы есебінен төлем жасалатын заңсыз қаржылық схема. Мұндай жүйелерде нақты өнім немесе қызмет ұсынылмайды. Бар пайда жаңа қатысушылардың тартылуына тәуелді. Бұл жүйе бір сәтте тоқтап, көп азаматтар салған қаражатынан айырылып жатады.

Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасы

Облыс прокурорының міндетін атқарушы Жандос Бердіқұловтың айтуынша, прокуратура органдары аймақта Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, 2025 жылы 4 қаржы пирамидасының («Sax Invest», «Live Good», «ASAR BASPANA», «Buyers Union») заңсыз қызметін әшкерелеген.

— Тергеу барысында, келтірілген жалпы залал 9 млрд теңгеден астам екені анықталды. Сондай-ақ, 1 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынды. Тінту тергеу әрекеті барысында 1,2 млрд теңге және премиум-класстағы автокөліктер анықталып, сот шешімі бойынша тыйым салынды, — дейді прокурор.

Фото: Маңғыстау облысы прокуратурасы

Сонымен қатар, аталған қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелері өңірде де жұмыс істегені анықталған. Мысалы, «ASAR BASPANA» ұйымы кооператив атауын жамылып, шын мәнінде ешқандай бизнесі жоқ схеманы ұсынған. 3,8 млрд теңге заңсыз иемделіп, 86 мыңнан астам азамат жәбірленушіге айналған. Қазіргі таңда ұйымдастырушылардың әрекеттері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.