Маңғыстауда халықаралық жастар форумы басталды

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда І Халықаралық «Aktau Youth Forum» жастар форумының ашылу салтанаты өтті. Оған бес елдің жастары қатысып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау жөніндегі стратегиялық бағыты аясында жүзеге асты.

Форумның басты мақсаты — жастардың интеллектуалды әлеуетін, рухани қуатын және азаматтық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту. 

Аталған форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастармен қатар Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның жас көшбасшылары мен делегаттары жиналды. Қатысушылар арасында ғылым, технология, спорт, шығармашылық және қоғамдық салада жетістікке жеткен талантты жастар бар.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен өңір басшылығы қатысты.

Форум бағдарламасында панельдік сессиялар, семинар-практикумдар, воркшоптар, сондай-ақ Маңғыстау облысының мәдени-тарихи нысандарына экскурсиялар бар. Сонымен қатар еліміздегі дарынды жастардың жүзеге асырған жобаларының көрмесі ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Астанада 7 қараша күні жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді