Ауруханадан шыққан тұрғындардың бірі дәрігерлерге алғысын білдіріп, енді балық жемейтінін айтты.
⁃ Енді балық жемейтін болдым. Бізді қиын жағдайдан құтқарып, емдеген дәрігерлер мен медбикелерге рахмет. Халықтың алғысына бөлене беріңіздер, - деді ол.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 қыркүйекте бір отбасының төрт мүшесі, оның ішінде кәмелетке толмаған бала, ысталған балық өнімін тұтынғаннан кейін ботулизм белгілермен медициналық көмекке жүгінген болатын. Науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.Өкінішке қарай, кәмелетке толмаған бала қайтыс болды. Қалған үш науқас емделіп шықты.
Мамандар ботулизмнің аса қауіпті ауру екенін ескертеді. Ол жүйке жүйесін зақымдап, көру қабілетінің бұзылуына, жұтыну мен тыныс алудың қиындауына әкеледі. Ауыр жағдайда адамның өміріне қауіпті. Ауру көбіне дұрыс дайындалмаған немесе тиісті жағдайда сақталмаған тағамдарды тұтынудан туындайды. Сондықтан үй жағдайында дайындалған консервілер мен ысталған балық өнімдерін тұтынғанда сақтық таныту қажет. Ботулизмге күдік туындаса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Бұған дейін, Маңғыстауда балықтан уланған төрт адам жансақтау бөліміне түскенін жазған болатынбыз
Маңғыстауда балықтан уланған 9 жастағы бала көз жұмды.