Маңғыстауда қарақұрт шаққан 2,5 жастағы бала аман қалды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында қарақұрт шаққан 2,5 жастағы бала жансақтау бөлімінде 10 күндей ем қабылдап, аман қалды. Дәрігерлер бүлдіршіннің жағдайын тұрақтандыру үшін қарақұртқа қарсы сарысуды екі рет енгізген. Қазір бала үйіне шығарылды.

Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Қыркүйек айында улы жәндік шаққан белгілерімен бала Маңғыстау аудандық ауруханасына түскен. Жағдайының ауырлығына байланысты оны облыстық балалар ауруханасына жеткізген.

Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың айтуынша, бала ауруханаға түскен кезде ес-түссіз болған. Тыныс алуы қиындап, жүрек соғысы өзгерген және қан қысымы төмендеген. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ем барысында науқасты қарақұрт шаққаны анықталды.

— Науқастың жалпы жағдайы өте ауыр болды. Ес-түссіз жатты, тыныс алуы қиындап, жүрек соғысы өзгеріп, артериялық қан қысымы төмендеді. Ем барысында науқасты қарақұрт шаққаны және оған қарсы сарысуын егу шешілген болатын. Қарақұртқа қарсы сарысуды екі рет енгіздік. Соның нәтижесінде бесінші-алтыншы тәуліктерде жағдайы жақсарып, есін жия бастағаны байқалды. Жансақтау бөлімінде 10 күндей ем алғаннан кейін бейінді бөлімге ауыстырылды. Қазір есін толық жиып, үйіне шығарылды. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, — дейді дәрігер.

Айта кетейік, қарақұрттың уы адам денсаулығына қауіпті. Мамандар улы жәндік шақты деген күдік болса, дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Бұған дейін, Маңғыстауда он күнде бес баланы қарақұрт шақты.

Маңғыстауда түйелерді қарақұрт шағып жатыр.