Мамандардың мәліметінше, облыста қарақұрт шағу дерегі Маңғыстау ауданында жиі тіркелген. Бұл ауданда 7 адам зардап шеккен. Мұнайлы және Бейнеу аудандарында алты жағдай анықталған. Ал Ақтау қаласында қарақұрт шаққан екі бала медициналық көмекке жүгінген.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанова соңғы 10 күнде екі баланың қарақұрт шағуымен түскенін айтты. Екі бала да жансақтау бөлімінде болып, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жағдайы тұрақталған.
Мамандардың айтуынша, қарақұрттың уы адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Жәндік шаққан жағдайда қатты ауырсыну, бұлшықеттердің құрысуы, әлсіздік және дене қызуының көтерілуі байқалуы мүмкін. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе, науқастың жағдайы күрделенуі ықтимал.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Мәдина Рахметова тұрғындарға табиғат аясында демалу және дала жұмыстарын жүргізу кезінде сақ болуға кеңес береді. Сондай-ақ қора-жайларды таза ұстап, аумақтарды уақытылы тазалау және қажет болған жағдайда дезинсекциялық жұмыстар жүргізу маңызды.
- Қарақұрт шаққан жағдайда адам қатты ауырсыну, бұлшықеттердің құрысуын, әлсіздік пен дене қызуының көтерілуін сезінуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда міндетті түрде, дереу жақын орналасқан медициналық ұйымға алғашқы медициналық көмекке жүгіну қажет, - дейді Мәдина Рахметова.
Бұған дейін Баянауылдағы Торайғыр аумағында тағы қарақұрт шығып жатқанын жазған болатынбыз.