Маңғыстауда кәріз құбыры жарылып, қоршаған ортаны ластады
АҚТАУ. KAZINFORM — Лас судың атқылап жатқан бейнежазбасы желіде тарады. Тұрғындар кәріз құбырынан шыққан ағындының айналаны бүлдіріп, жағымсыз иіске тұшығып отырғандарын айтып, дабыл қақты.
Осы оқиға бойынша «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі ресми мәлімет таратты. Айтуларынша, Баскұдық ауылы маңында, Алау ауылына жақын жерде кәріз тазарту құрылыстары КОС-1 мен КОС-2 арасындағы құбыр желісінде апат болып, лас су төгілген.
— Сағат шамамен 17:00–де КОС-1 мен КОС-2 нысандарын қосатын Ду-710 ПЭ сол жақ қысымды құбыр желісінде тесік пайда болып, салдарынан бұл құбырдың жұмысы уақытша тоқтатылды. Төгілген тазартылған судың көлемі шамамен 30 текше метрді құрады. Қазіргі уақытта КОС-1 нысанынан КОС-2 нысанына дейін тазартылған судың берілуі оң жақ қысымды коллектор арқылы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Апат жедел түрде жойылды, — делінген хабарламада.
«Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің хабарлауынша, қазіргі таңда облыстық экология департаменті мен Табиғи ресурстар басқармасы бейнежазбадағы төгіндінің себептері мен мән-жайларын анықтау жұмыстары жүргізіп жатыр. Судың құрамы мен көлеміне қатысты талдау жұмыстары жүргізілмек.
Бұған дейін, Ақтауда полицейлер жүк көлігінің жүргізушісін жерге шеге төсеп, тоқтатқанын жазған болатынбыз.