Маңғыстауда Каспийге батып кеткен 27 жастағы ер адамды іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда Мұнайлы ауданында Каспий теңізіне батып кеткен 27 жастағы ер адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қайғылы жағдай 21 маусым күні Ақтау қаласынан 56 шақырым қашықта жабдықталмаған жағалау аумағында болған.

Фото: ШҚО ТЖД

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына қарамастан құтқару операциясы тоқтаған жоқ. Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкері, төрт арнайы техника, екі жүзу құралы, сүңгуірлер және суасты дроны жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Солтанмұратовтың айтуынша, екпінді жел іздеу жұмыстарына айтарлықтай қиындық туғызған.

-Құтқарушылар таңертеңнен бастап теңіздің тынышталуын күтті. Бүгін іздеу жұмыстары қайта жалғасты. Қазіргі уақытта ер адамның денесі әлі табылған жоқ, - дейді ол.

Департаменттің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері Маңғыстау облысында 4 адам суға кетіп, қаза болған. Үш адамның денесі табылса, төртінші адамды іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, құтқарушылар маусым басталғалы судан тоғыз адамды құтқарған. Олардың басым бөлігі - балалар.

Бұған дейін, Маңғыстауда он күнде бес баланы қарақұрт шақты.