Маңғыстауда кәсіпкерлердің құқығын бұзғандарға 9,1 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Инвесторларға заңсыз талаптар қойған лауазымды тұлғаларға 9,1 млн теңгеге айыппұл салынды.

Фото: Pexels

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, кәсіпкерлікті инженерлік желілерге қосу кезіндегі заңсыз тәжірибенің жолын кесті. 

— Қабылданған шаралар нәтижесінде 3 инвестор мен 16 кәсіпкердің құқығы қорғалып, кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оларға жалпы сомасы 9,1 млн теңге айыппұл салынды.

Қадағалау шаралары барысында табиғи монополия субъектілері электр және сумен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарт берген кезде кәсіпкерлерден қолданыстағы заңнамада көзделмеген құжаттарды негізсіз талап еткені анықталды, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ қызмет көрсету тәртібінің бұзылған фактілері анықталды: техникалық шарт беруден бас тарту туралы уәкілетті органдарды хабардар етпеу, сондай-ақ инвесторлар мен кәсіпкерлердің өтініштерін қараудың белгіленген мерзімдерін бұзу.

Прокурорлық ден қою актілері бойынша екі табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 16 іс қозғалды. Оларды қарау қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар жауаптылыққа тартылып, айыппұл толық көлемде өндірілді.

Қабылданған шаралар әкімшілік кедергілерді жоюға, инвесторлар мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және инженерлік желілерге қосу кезінде заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Айта кетелік Оралда прокуратура 25 азаматтың тұрғын үй мәселесін шешкен еді