Маңғыстауда кен орнындағы төтенше оқиғадан кейін ауаға тараған метан шектен асып кетті
АҚТАУ. KAZINFORM — 8 маусым күні Varro Operating Group ЖШС-не қарасты «Толқын» кен орнындағы № 57 ұңғымадан газ бен су атқылап, төтенше жағдай болды. Салдарынан атмосфералық ауадан метан газының шектен тыс көлемі анықталған.
- Маңғыстау облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары оқиға орнына барды. Қазіргі таңда, газ бен су шығарындысы тоқтатылды. Алайда, мониторинг мақсатында аталған аумақта атмосфералық ауаға аспаптық өлшемдер жүргізу кезінде метанның шекті рауалы концентрацияның асуы тіркелді, — деді департамент басшысы Армат Жүсіпқалиев.
Оның айтуынша, экологтардың тексеру нәтижесі прокуратураға жіберіледі. Қадағалаушы орган одан әрі аталған кен орнына тексеру жүргізіп, заң аясында шара қолдануы тиіс.
Тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақтың пікірінше, кен орындарындағы төтенше оқиғалар алдын-алу шараларының жүргізілмеуінен болып отыр.
- Бұндай оқиғалар мемлекет тарапынан қадағалау жұмыстарының әлсіздігін көрсетеді. Алдын-алу, профилактикалық бақылау болмағаны ма? Жалпы, мұндай апаттардың болашақта алдын алу үшін тек қана экология департаменті емес, төтенше жағдайлар органдары да бақылау жүргізуі қажет.
Сонымен қатар, ашықтықты қамтамасыз етіп, міндетті түрде тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. Себебі ол жерде қауіп қоршаған ортаға да, адам өмірі мен денсаулығына да төніп тұр.
Осыдан бірнеше ай бұрын «БузачиОперейтинг» компаниясында адам өлімі болды. Соның өзі сабақ болмағаны ма? , — дейді Әділбек Қозыбақ.
Бұған дейін Маңғыстау облысында кен орнындағы ұңғымада төтенше жағдай болғаны туралы жазған болатынбыз.