Маңғыстауда Қызыл кітапқа енген жабайы аң-құстар жылына 15-20% көбейіп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты Жабайұшқан қаумалында 500-ден астам Үстірт арқары тіркелген. Одан бөлек, қарақұйрық, ит аю, сабаншы, қарақал секілді Қызыл кітапқа енген аңдар мен бүркіт, ителгі, дуадақ, үкі сияқты құстар бар. Мамандар жабайы аң-құстардың жылына 15-20 пайызға көбейіп жатқанын жеткізді.
— Біздің міндетіміз — Жабайұшқан аумағындағы аң-құстарымыздың тыныштығын сақтап, жай-күйін бақылау. Ол үшін күнделікті рейдке шығамыз. Арнайы өзіміздің фототұзақтарымыз бар, соларды тексеріп, бұлақтардың көзін ашамыз. Бөтен көліктер келсе, мақсатын анықтап, аумақтан шығарып жібереміз, — дейді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Жабайұшқан қаумалының инспекторы Абыл Есенғалиев.
Қорықшыларға биыл 3 жаңа автокөлік, фототұзақтар мен дүрбілер берілген.
Соның арқасында жойылу қаупі төнген тұяқтылар мен қанаттыларды бақылау жұмыстары жандана түсті.
— Инспекторларға барлық жағдай жасалуда. Жаңа көліктер келіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Электр қуаты жүргізілген жылжымалы вагондар бар. Қазіргі таңда аңдарды қорғап, олардың биоалуандығын сақтау үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның арқасында аң-құстардың саны жылына 15,20 пайызға артып отыр, — дейді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аң танушысы Мұхаммед Рахим Боранбаев.
Маңғыстауда «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі 2012 жылы құрылған. Аумағы — 700 мың гектар.
Оған бір парк және 4 табиғи қаумал кіреді. Парк аумағында 60 тан астам инспектор жұмыс істейді.
Бұған дейін, Маңғыстауда Кендірлі курорттық қаласының бас жоспары жасақталғанын жазған едік.