Сенбілікке М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы қызметкерлері мен Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ұжымы атсалысты.
«18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Таза Қазақстан» республикалық акциясына өз үлесімізді қосып, сенбілік өткіздік. Көктем мезгілі – жаңару мен жаңғыру, күл-қоқыстан тазару маусымы. Табиғатты аялайық. Өңір келбетін көркейтуге әрбір тұрғын атсалысуы керек», - деді М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы директоры Данияр Сағынғалиұлы.
Сондай-ақ, Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Ынтымақ Божанов тарихи орындарды күтіп, сақтаудың маңызы жөнінде айтты.
«Өздеріңізге мәлім, ел аумағында 25 мыңнан тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның бірегейі — «Қошқар ата» қорымын қоқыстардан тазартып жатырмыз. Болашақ ұрпақ үшін тарихи орындарды күтіп ұстауға баса мән беруіміз керек. Көтеріңкі көңіл күймен сенбілікті өткердік. Киелі, тарихи-табиғи орындардың құндылығын дәріптеуге атсалысып жүрміз деп ойлаймын», - деді Ынтымақ Божанов.
Айта өтейік, «Қошқар ата» қорымы Ақтау қаласынан 17 шақырым қашықта, солтүстік-батыс бағытта орналасқан. Қорым жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне, сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қорымнан 81 ескерткіш есепке алынған.