АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға 22 шілде күні болған. Желіде қолдарына таяқ ұстап, бір-біріне пиротехникалық жарылғыш заттарға ұқсас нәрселерді лақтырып, жаппай төбелескен балалардың бейнежазбасы тарады. Осы оқиға бойынша облыстық полиция департаменті бұзақылыққа қатысы бар жасөспірімдердің барлығын ұстап, қылмыстық іс қозғаған.
— Қақтығысқа қатысқандардың барлығы анықталып, ата-аналарымен бірге ішкі істер бөліміне жеткізілді. Тексеру нәтижесінде ата-аналарға Әкімшілік Қылмыстық кодекстің 127-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») және 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, — делінген хабарламада.
Барлық жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Полицейлер бұл оқиғаға алаңдаушылық танытып отыр. Өйткені, соңғы кезде жастар арасында төбелес көбейген.
Бұған дейін, Маңғыстау облысында мектептің акт залының төбесі құлағаны туралы жазған едік.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.