Маңғыстауда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша кеңес өтті

Фото: Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 3 мамыр, сенбі күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге жасаған жұмыс сапары аясында берген тапсырмаларын орындау бойынша кеңес өткізді. 

Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты тапсырмалардың орындалу барысы сараланып, жауапты сала басшылары нақты бағыттар бойынша есеп берді.

Сәуірдің 18-күні өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, стратегиялық маңызды жобалар бойынша кеңес өткізген Президент Маңғыстау халқының әл-ауқатын арттыру мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Бұл міндеттер бүгінде барлық деңгейдегі атқарушы органдардың күн тәртібінде.

Кеңесте сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиевтің айтуынша, басқармаға сегіз тапсырманы орындау жүктелген. Соның ішінде 2026 жылдың соңына дейін Құрық портының инфрақұрылымын жаңғырту, кемелер санын көбейту және Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан шекарасына дейінгі, Кендерлі курорттық аймағы арқылы өтетін автожол учаскелерін жөндеу жобасын іске асыру жоспарланған. Жақында ғана 7 000 тонна жүк көтеретін «Nasipkali Marabayev» кемесі суға түсірілді. Сонымен қатар Құрықтағы «Саржа» терминалының құрылысы жалғасып жатыр. 

Теміржол саласында Маңғыстау, Бейнеу және Шетпе вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұл жоба жыл соңына дейін аяқталады.

Жол инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында ұзындығы 164 шақырым болатын «Жаңаөзен – Кендерлі – Түрікменстан шекарасы» автожолын жөндеу жұмыстары басталады.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

Сондай-ақ су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Туляков баяндамасында «Кендірлі» курорттық аймағындағы су тұщыту зауытының құрылысын 2025 жылдың 31 мамырына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. 

Ақтаудағы «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 100 мың текше метрге дейін арттыру бағытында үшінші кезеңі іске асырылып жатыр.

Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев есептік жылу қуаты 360 Гкал/сағатты құрайтын «Ақтау қаласындағы 19а, 20, 20а, 33, 34а, 35 жаңа шағын аудандарды жылумен жабдықтау үшін қазандық алаңынан тыс инженерлік желілер салу» жобасының орындалу барысы жөнінде баяндады.

Сонымен қатар ол Маңғыстау облысы мен көршілес өңірлерді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «МАЭК» ЖШС жүзеге асырып жатқан «ЖЭС №1, 2, 3 энергоблоктарын жаңғырту» жобасына да тоқталды.

Жиында Нұрдәулет Қилыбай алдағы кезеңдегі жұмыстың басты бағыты облыс халқының тұрмыс сапасын жақсарту мен экономиканың өсуін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Президент тапсырмаларының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етіп, әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже қажет екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға ерекше көңіл бөліп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау үшін Үкімет пен облыс әкімдігіне нақты міндеттер жүктеді. Бүгінгі кеңесте айтылған мәселенің барлығы Президенттің тікелей бақылауында тұр. Әр тапсырма уақытылы, нақты әрі сапалы орындалуы тиіс. Жауапты қызметкерлер жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қараңыздар, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өткенін жазған едік.