Маңғыстауда метан жағармай қозғалтқыштары бар жаңа автобустар қолданысқа берілді

Маңғыстауда Ақтау және Мұнайлы ауданының бағыттары бойынша жолаушылар тасымалдайтын, экологиялық таза отынды пайдаланатын 30 заманауи автобус пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Метан жағармай қозғалтқыштары бар жаңа автобустар бұрынғы ескі көліктердің орнын басады. Бұл ескі автобустардан бөлінетін зиянды шығарындылардың азайып, өңірдің қала, аудандарында экологиялық тұрақтылықтың сақталуына септігін тигізбек.

Автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін алғашқы метан газ құю станциясы пайдалануға берілді. Технопрак аумағында газ құю бекетінен бөлек, автобус маршруттарын бақылауға және қоғамдық көліктегі ішкі бейнебақылау жазбаларын көруге мүмкіндік беретін диспетчерлік бөлме бар. 

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Ақтау қаласының климатына сай жасақталған жаңа автобустарда барлық жағдай қарастырылған. Онда желдеткіш жүйесі, жеті бейнебақылау камерасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған аппарелла мен (пандус) GPS жүйесі бар. Ал автобустардың басты артықшылығы – метан жағармайымен жұмыс істейтін қозғалтқыш. 

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Маңғыстау облысында сұйытылған газды тұтыну еліміз бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Ал метан отынын пайдалану сұйытылған газға жүктемені азайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Біздің мақсатымыз – Маңғыстау облысында жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасымалдау бойынша қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерді қамтамасыз ету, автобустарды күту уақытын қысқарту және жолаушылар тасымалы нарығына жаңа сапалы автобустар ұсыну», - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Жыл соңына дейін тағы осындай 90 автобус беріледі деп жоспарланып отыр.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі