Өңірдің балық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Абзал Бақытжанұлы Каспий теңізінен ауланатын балықтар мен өзге де су жануарлардың көлеміне негізделгенін атап отыр.
Сонымен бірге, шабақ балығын аулауға бөлінген квотаның көлемі 8 мың тонна болса, алдағы уақытта осы көлемді 72 мың тоннаға дейін көтеру жоспарланған. Бұл Каспий теңізі әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді.
«Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес, Маңғыстау облысында 100 мың тонна балық өсіру көзделген. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін, Каспий теңізінде тор қоршамада акваөсіру шаруашылықтарын ашу қажет. Осы мақсатта, Маңғыстау облысының теңіз акваториясының табиғи-климаттық жағдайларында тор қоршамада тауарлы балық және өзге де су жануарларын өсіруге тиімді учаскелерді анықтауға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылды. Ғылыми ұйымның беретін зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Каспий теңізінің маңғыстаулық секторынан тор қоршамада балық өсіретін 20 шаруашылықтың учаскелерін белгілеуге мүмкіндік туады, - деді Абзал Бақытжанұлы.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, өткен жылы Маңғыстауда 71,5 тонна балық өсірілген. 2021 жылға дейін өңірде тек бекіре тұқымдас балық түрлері өсіріліп келсе, қазір жайын, цихлид, дөңмаңдай, ақ амур және тұқы тұқымдас балықтарға ден қойылған.
Өңірдегі балық шаруашылығына жергілікті бюджеттен 2022 жылы 10,5 млн теңге, 2023 жылы 20,5 млн теңге және 2024 жылы 28,8 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлер негізінен балық азықтарын сатып алу және балық өсіру материалын сатып алу шығыстарын өтеу үшін субсидия алып отыр.