Жұмыс тобы алдымен Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерімен кездесті. Жиынға Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз және «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Жанболат Саймағамбетов қатысты.
Кездесуде Жолдаудың негізгі басымдықтары, экономиканы дамыту, мұнай-газ саласын жаңғырту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, энергетикалық қауіпсіздік пен медицина саласындағы өзгерістер талқыланды.
Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев «Халықтық құрылыс» және «Халықтық цифрлық экономика» бастамаларының маңызына тоқталып, әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру, мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелерін түсіндірді.
- Жолдаудың басты мақсаты – экономиканы ұлғайту, халықтың табысын арттыру және әрбір азаматтың өмір сапасын жақсарту. «Халықтық құрылыс» бағыты тек ғимараттар салумен шектелмейді. Ол – сапалы қызмет көрсету, білікті мамандармен қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Мұнай-газ саласын жаңғырту да маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде тек мұнай өндіру жеткіліксіз, шикізатты терең өңдеп, құны жоғары өнім шығаруға басымдық беруіміз қажет. Сонымен қатар мұнайшылардың еңбек құқығын қорғау, қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту – басты назардағы мәселелер, - деді Аббат Өрісбаев.
ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев энергетика саласындағы жаңғырту жұмыстары, электр энергиясын өндіру қуатын арттыру, газдандыру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту жоспарлары туралы айтты.
- Маңғыстау облысында да энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілген. 2030 жылға дейін 419 шақырым электр желісін ауыстыру жоспарланып отыр. Ал жылу желілерін жаңарту жұмыстары 2029 жылға дейін жүргізіледі. Бұл жұмыстар инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетіп, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Вице-министрдің айтуынша, 2035 жылға қарай елді мекендерді газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделген.
Ал Лаура Ахметнияз денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттарға тоқталып, медициналық нысандарды салу мен қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ медицина қызметкерлерін қолдау шаралары туралы мәлімет берді.
- Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында екі негізгі бағытты айқындады. Біріншісі – медициналық нысандар салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту. Екіншісі – медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру. Бұл шаралар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған. 2027 жылдан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысын арттыру көзделіп отыр. Бұл бастама 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды. Нәтижесінде жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 42 пайызға өседі. Бұл медициналық кадрларды қолдауға және маман тапшылығын азайтуға бағытталған, - деді Лаура Ахметнияз.
Бұдан кейін жұмыс тобы «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС ұжымымен кездесті. Жиында мұнай-газ кешенін жаңғырту, газ өңдеу қуатын арттыру, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және медицина қызметкерлерін қолдау мәселелері сөз болды.
Ақтау қаласындағы теңіз портының еңбек ұжымымен де кездесу ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, эколог Кирилл Осин, «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Сейтжан Қожамұратов қатысты.
Кездесу барысында Жолдаудағы экономикалық және әлеуметтік реформалар, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сейтжан Қожамұратов 2027 жылдан бастап күшіне енетін әлеуметтік төлемдерге қатысты өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, ресми жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмысынан айырылу, еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілік пен босануға байланысты және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған бес түрлі әлеуметтік төлем сақталады. Бұдан бөлек, жұмыс тобы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында Жолдаудағы саяси және экономикалық реформалар, мұнай-газ саласын дамыту мәселелері талқыланды. Кирилл Осин елдегі саяси және экономикалық өзгерістерге тоқталып, олардың өңір үшін маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар жұмыс тобы Ақтау қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Жиынға ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Раушан Аймурзаева, «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрбек Қарасаев және партия мүшесі Зарета Фаталиева қатысты.
Кездесуде инвестиция тарту, экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері қозғалды. Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Шынар Ахметқалиева өзара байланысты нығайтып, ортақ мақсатта жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын жеткізді.
- Жолдауда инвестиция тарту, экономиканы дамыту және жасанды интеллектті пайдалану мәселелері көтерілді. Бұл бағыттар бойынша кәсіпкерлер палатасы өз жұмысын жалғастырып келеді. Ендігі міндет – мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері арасында өзара байланысты нығайтып, ортақ мақсатта жүйелі жұмыс жүргізу, - деді Шынар Ахметқалиева.
Жұмыс тобы «OilConstructionCompany» ЖШС қызметкерлерімен де кездесті. Өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары Руслан Сисенғалиев Жолдауда айтылған міндеттер мен алдағы жоспарларға тоқталып, келесі жылы өңірде аурухана мен мектеп құрылысы секілді әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық берілетінін айтты. Сондай-ақ «Халықтық құрылыс» бастамасының әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырудағы рөлі талқыланды.
Ал Мұнайлы ауданында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның «Магистральдық желінің Маңғыстау бөлімшесі» филиалы қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиында қоғамдық көлік қатынасы, көлік байланысын жақсарту, елді мекендер арасындағы қатынасты дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері көтерілді.
Кездесулер барысында еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Жұмыс тобының мүшелері Жолдауда белгіленген міндеттер мен оларды өңірде жүзеге асыру бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.