Маңғыстауда өзіне жарақат салған сарбаз психикалық денсаулық орталығына жатқызылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Бейнеу ауданындағы № 99116 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров қазір Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында ем алып жатыр. 

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Сарбаздың анасы Лаура Шынтемірованың айтуынша, баласы әскерге барған күннен бастап қысым көрген. Әлімжеттікке шыдамай бірнеше рет өзіне қол салмақ болған.

— Маған командирі телефон шалып, «балаңыздың жүрегі мен бүйрегінде мәселе бар, соны дәрігерге қаратуға апара жатырмыз» деді. Ол өтірік болып шықты. Баламды психиатриялық ауруханаға апарып жатқызған. Оны мен басқа бір ата-анадан естідім, — дейді сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов клиникаға суицидке бейім үш әскери жеткізілгенін хабарлады.

— Өздеріне жарақат салған, білектері сырылған. Олармен психолог, психотерапевт мамандар жұмыс істеп жатыр. Жалпы жағдайлары жақсы, 2-3 күнде шығарамыз, — дейді орталық басшысы.

Kazinform тілшісі аталған әскери бөлімге сұрау салғанымен осы уақытқа дейін жауап келіп түскен жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте қаза тапқан сарбаз жер қойнына тапсырылған болатын