Маңғыстауда полиция көлігі жол апатына ұшырады

Фото: Lada.kz

АҚТАУ. KAZINFORM — Жол-көлік апаты Бейнеу ауылында болған. Бейнебақылау жазбаларында көлік қатты жылдамдықпен келіп, полиция көлігіне соқтығысады.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көлікте жасөспірім болған.

— Полиция көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы 25 қарашада тіркелді. Бейнежазбада «Toyota Camry» автокөлігі жоғары жылдамдықпен патрульдік көлікке соғылғаны көрінеді. Көлікті 17 жастағы жас жігіт басқарған. Оның ата-анасы кәмелет жасқа толмаған балаға көлік жүргізуге жол бергені және тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламала. 

Абырой болғанда, жол-көлік апатынан ешкім зардап шекпеген. Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс тағайындалған. 

Бұған дейін, Маңғыстау полициясын тексеруге арнайы комиссия келген болатын.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Маңғыстау облысындағы полицияны тексеруге Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшылығы барғанын айтты.