Маңғыстауда прокуратура 1,3 млрд теңгелік жобаның жалғасуына ықпал етті

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен алкогольсіз сусындар, минералды және өзге де бөтелкедегі су өндіретін зауыт салып жатқан «AlekaSu» ЖШС-ның құқығын қорғады, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Инвестициялық жобаның құны – 1,3 млрд теңге. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін сағатына 6 мың бөтелкеге дейін өнім шығаратын өндірістік желіні іске қосу және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.

Тексеру барысында суды тұщыландыру жөніндегі шартты жасасу кезінде коммуналдық кәсіпорынның инвестордан қолданыстағы заңнамада көзделмеген құжаттарды заңсыз талап еткені анықталды.

Соның салдарынан шарт жасасу рәсімі негізсіз созылып, инвестициялық жобаның іске асырылуына кедергі келтірілген. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заңбұзушылықтар жойылып, инвестормен қажетті шарт жасалды. Бұл инвестициялық жобаны одан әрі іске асыруға және зауыт құрылысына дайындық жұмыстарын уақтылы бастауға мүмкіндік берді.

Прокуратура органдары әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың құқықтарын тиімді қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

- Маңғыстау облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарының өзге де бұзылуына тап болған инвесторларды инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа 7 (701) 333-13-12 телефоны арқылы, сондай-ақ 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Алматы облысында инвесторлардың жұмысына кедергі келтірген 18 шенеунік жазаланғаны туралы жаздық.