Маңғыстауда Рим дәуірімен байланысты көне қала табылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда дала өркениетінің көне ізі – екі мыңжылдық қала зерттеліп жатыр. Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ғалымдар бұл нысанды б.з. I–VI ғасырға жататын көне сауда және қолөнер орталығы деп бағалап отыр.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Археологиялық зерттеулер аталған өңір арқылы осыдан 2000 жыл бұрын халықаралық сауда қатынастары жүргенін дәлелдейді. Мамандардың пікірінше, Қарақабақ Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды теңіз-құрлық сауда торабы болған. Ол Каспий маңы мемлекеттерінің саяси, экономикалық және сауда байланыстарында ерекше рөл атқарған.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Қалашықтан Византия, Үндістан, Рим, Парсы және Қытай елдерімен байланысты дәлелдейтін тиындар, мөрлер, қыш ыдыстар мен түрлі жәдігерлер табылған. Сонымен қатар археологтар көне порттың іздерін, қолөнер өндірісі мен теңіз саудасына қатысты көптеген деректерді анықтаған.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Ғалымдардың пайымдауынша, Қарақабақ ІІ ғасырдағы Рим ғалымы Клавдий Птолемей жасаған Каспий теңізінің шығыс жағалауы картасында Аспабота атты қала-мемлекет ретінде көрсетілуі мүмкін. Зерттеушілердің айтуынша, бұл қала өз дәуіріндегі ірі логистикалық және сауда орталықтарының бірі болған.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Мамандар бұл жаңалықтар Маңғыстаудың көне өркениеттер мен халықаралық сауда қатынастарындағы маңызды орнын айқындай түсетінін атап өтті.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Айта кетейік, Қазақстанда археологиялық жұмыстарға 5 жылдық лицензия енгізіледі.