Маңғыстауда «Сәтті сәрсенбі» тазалық акциясы басталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтаудағы жағажайларды қоқыстан тазарту шарасы ұйымдастырылды. Таңғы сенбілікке облыс әкімі Н.Қилыбай, ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев пен «Жасыл ел» еңбек жасағы және қала тұрғындары қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қала іргесіндегі жағажайлар — жазда халық көп жиналатын орын. Мұнда күн сайын 10 мыңға жуық адам Каспийдің мөлдір суына түсіп, демалады. Сәйкесінше, жағалауда түрлі қоқыс пен полиэтилен, пластик құтылар көптеп кездеседі.
Жағажайларда сенбілік ұйымдастыру бастамасын өңір тұрғындары қуана қабылдады.
«Тазалық шарасына қатысушылар ала таңнан бастап бірнеше шақырымға созылып жатқан теңіз жағалауын қоқыстан тазартып, жүздеген қапшықты күл-қоқысқа толтырды. Сонымен қатар жағажайларды абаттандыру жұмыстары жүргізілді», - делінген хабарламада.
Облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы өңір тұрғындары мен жастарды табиғатқа бей-жай қарамай, тазалық жұмыстарына ұйытқы болуға шақырды.
Каспий жағалауында бастау алған акция әр сәрсенбі сайын тұрақты түрде өткізіледі. Бүгін ақтаулық белсенді жастар бұл челленджді жаңаөзендіктерге жолдады. Келесі сәрсенбіде тазарту жұмыстары «Кендірлі» демалыс аймағында жалғасады.