Қала іргесіндегі жағажайлар — жазда халық көп жиналатын орын. Мұнда күн сайын 10 мыңға жуық адам Каспийдің мөлдір суына түсіп, демалады. Сәйкесінше, жағалауда түрлі қоқыс пен полиэтилен, пластик құтылар көптеп кездеседі.
Жағажайларда сенбілік ұйымдастыру бастамасын өңір тұрғындары қуана қабылдады.
«Тазалық шарасына қатысушылар ала таңнан бастап бірнеше шақырымға созылып жатқан теңіз жағалауын қоқыстан тазартып, жүздеген қапшықты күл-қоқысқа толтырды. Сонымен қатар жағажайларды абаттандыру жұмыстары жүргізілді», - делінген хабарламада.
Облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы өңір тұрғындары мен жастарды табиғатқа бей-жай қарамай, тазалық жұмыстарына ұйытқы болуға шақырды.
Каспий жағалауында бастау алған акция әр сәрсенбі сайын тұрақты түрде өткізіледі. Бүгін ақтаулық белсенді жастар бұл челленджді жаңаөзендіктерге жолдады. Келесі сәрсенбіде тазарту жұмыстары «Кендірлі» демалыс аймағында жалғасады.