Маңғыстауда теңіз жағалауынан 279 итбалық өлексесі табылды

Фото: Фото: Маңғыстау облысы балық инспекциясы басқармасынан

АҚТАУ. KAZINFORM – Теңіз сүтқоректілері Түпқараған ауданына қарасты Үрдік мүйісі мен Баутин жағалауы аралығынан анықталған. Облыстық балық инспекциясы басқармасы Түпқараған балық инспекция бөлімінің басшысы Қонарбай Базарбаевтың айтуынша, өлген итбалықтардың ұшасы сәуір айынан бері жағаға шығып жатыр. 

— Күнбатыстан, солтүстік-батыстан соққан желден кейін жағаға шығып жатыр. Бүгінде 279 данасы анықталды. Өткен аптада 117 итбалықтың өлексесі табылып, жағалау тазартылып еді. Кеше демалыс күндері тағы 59ын тіркедік. Инспекция мен жергілікті атқарушы орган өкілдері ұшаларды жинап, арнайы полигонға апарып жатыр, — дейді бөлім басшысы.

Фото: Маңғыстау облысы балық инспекциясы басқармасынан

Жергілікті мамандар теңіз жануарларының неден қырылғанын білмейді. Бірақ, бірнешеуі браконьерлік ауға оралып шығыпты.

— Итбалықтар өте шіріп кеткен жағдайда шығып жатыр. Сынама алу емес. Өкінішке орай, айта кететін де дерек бар, денесінде ау құралдарымен бірге табылып жатқандар да бар. Соңғы жағдайда 13 данасы анықталды. Итбалықтардың өлу себебін анықтаумен экология және гидробиология институтының мамандары айналысады. Бірақ олар бірнеше жылдан бері нақты міне, мынадай жағдайдан деп ешқандай тұжырымға келе алмай отыр, — дейді Түпқараған балық инспекция бөлімінің басшысы Қонарбай Базарбаев.

Фото: Маңғыстау облысы балық инспекциясы басқармасынан

Еске салайық, былтыр Каспий теңізінің Түпқараған аумағынан 2212 итбалықтың ұшасы табылды.

Бұған дейін, Балық шаруашылығы комитеті Каспийдің жағалауынан 117 итбалықтың өлексесі табылғанын хабарлаған болатын.