Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, тергеу барысында жеке кәсіпкер «А» өкілі орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі негізсіз ұлғайтылған жалған жобалық-сметалық құжаттаманы пайдалану арқылы Маңғыстаудағы демалыс базасының құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында 117,2 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны анықталды.
Сонымен қатар нысанның мемлекеттік қолдау шаралары қолданысқа енгізілгенге дейін салынғаны және көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмағаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру мақсатында жымқырылған бюджет қаражаты банк депозитіне орналастырылып, нәтижесінде 5,6 млн теңге көлемінде қосымша кіріс алынған.
— Ақтау қалалық сотының үкімімен жеке кәсіпкер «А» өкілі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деп хабарлады ведомство.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Прокуратура мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын заңсыз алғаны үшін заңда белгіленген жауаптылық қарастырылғанын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін БҚО-да 56 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған мердігерлер сотталғанын хабарлағанбыз.