Маңғыстауда үш айда 12 адам суға кетті
Маңғыстау облысында кейінгі үш айда 12 адам суға кетіп, қаза тапты. Оның бесеуі – жасөспірім, деп хабарлайды Kazinform.
Қайтыс болған 8 адам жабдықталмаған аймақта суға түскен. Ал екеуі тыйым салынған аймақта батып кеткен. Сондай-ақ екі кісі «Бриз» және «Монтажник» демалыс аймақтарында қаза тапқан.
«Шомылу маусымына арнайы талдау жүргізілді. Талдау барысында суға батудың басты себебі өңірде туристер саны артып, су айдындарында демалушылардың көбеюі екені белгілі болды. Сол себепті жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінді. Тұрақты негізде сыныптық және ата-аналар чатына су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы тиісті жадынамалар мен бейнероликтер жіберілді», - деді Маңғыстау облысы Төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов.
Ал өңір тұрғындары үшін енді балық аулау маусымы келе жатыр. Мамандар бұл мезгілде де аса сақ болу керектігін ескертіп отыр.
«Алда аң және балық аулау маусымы келе жатыр. Адамдар суда қайықпен жүзеді де, құтқару құралдарын немесе су айдыны жағасында балық аулап жүргенде қауіпсіздік ережелері туралы ұмытып кетеді. Осыған орай Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтарына балық және аң аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау керегін ескертеміз», - деді Нұрлыбек Айжарықов.