Маңғыстауда Үстірт тау қойының саны артып келеді
АҚТАУ. KAZINFORM – «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторлары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жылдағы жоспарға сай жабайы жануарларға көктемгі санақ жұмыстарын жүргізді. Мамандар жан-жануарлардың қыс мезгілінен қалай шыққанын, жәй-күйін бақылап, маниторинг жұмыстарын жүргізген.
Нәтижесінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген Үстірт тау қойының саны былтырғы жылмен салыстырғанда біраз өскені анықталды. Санақ барысында Үстірт тау қойы буаздық мерзімі болғандықтан тау етегінде сай-сала, жыра, көктеген кебірліктен көп кездескен. Алғашқы төлдері де көзге түскен.
Бұдан бөлек «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрық, қарақал, қарабауыр бұлдырық, жұртшы, ителгі, дала қыраны, тазқара сияқты аң-құстар кездесіп, тіркелген.
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторлары өлкемізде жылдан-жылға аң-құстардың көбейіп келе жатқанын айтады. Бұған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үздіксіз бақылауда болуы ықпал етуде. Табиғат қорғау инспекторлары бұдан былай да табиғатты сол қалпында сақтап, жабайы жануарлардың өсімін молайтуға күш сала бермек.
Бұған дейін, Ақтау қаласының маңында ежелгі ескерткіштер туралы жазған болатынбыз.