АҚТАУ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитеті жоспардан тыс тексеру кезінде, Қарақия ауданының "Коса Ада" аумағында орналасқан ауданы 3 457 гектар жер учаскесінің заңсыз берілгенін анықтады. Жер учаскесінің кадастрлық құны - 3,1 млрд теңгені құрайды.
Жер учаскесі жер комиссиясының қарауынсыз және жерге орналастыру жобасын жасамай ресімделген. Сондай-ақ, жер Кодексінің 43-бабының нормаларын бұза отырып, жеке меншікке берілгені белгілі болды.
Осыған сәйкес, жер ресурстарын басқару комитетінің өкілдері өз өкілеттіктері шеңберінде Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжаттарды жарамсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінген.
Сот шешімімен талаптар толығымен қанағаттандырылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.