АҚТАУ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде ақтаулық қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев өлген аққулар мен үйректердің бейнежазбасын бөлісті. Айтуынша, өлекселер Сайын Шапағатов елдімекенінің 24 шақырымында теңіз жағалауында жатыр. Тұрғын құстардың сол маңдағы демалыс базасы мен оған жақын орналасқан кәсіпорыннан шыққан су жиналатын жерде өліп жатқанын айтады.
Фото: Азамат Сәрсенбаев
Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатовтың айтуынша, мамандар оқиға орнына барып, өлекселерден және аталған судан сынамалар алған.
Фото: Азамат Сәрсенбаев
- Жаппай өлім тіркелген жоқ. Ветеринарлар өлген құстардан сынама алды. Ал экологтар судан сынама алды. Қорытындысы бір аптада шығады. Оны қосымша хабарлаймыз. Жалпы, қазір құстан миграциясы жүріп жатыр. Есеп бойынша «Қаракөл» көлінде 4-5 мыңдай аққу бар. Ал аралдарда кем дегенде 20 мың аққу бар. Олар ауа райының суытуына байланысты көшіп-қонып жүреді. Сол кезде әлсірегені болады, 20 мыңның арасында бірен-саран өлім – бұл табиғи құбылыс, - дейді Ғаббас Досатов.
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.