Бағдарламаның ережесін жасақтау барысында арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы тұрғын үй бағдарламасының ашықтығын және жастар арасындағы қолжетімділігін арттыруды қадағалайды.
- Біз жұмыс тобымен бірлесіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың осы күнге дейінгі кемшіліктері мен артықшылықтарын сараладық. Сәйкесінше өңірдегі жастардың сұранысына орай мейілінше қолжетімді бағдарлама жасауға тырыстық. Ереже бекітіліп, тиісті жұмыс тобы мақұлдады. Ендігі кезекте арнайы Маңғыстау жастары ресми сайтында құжат қабылдау процесі басталмақ. Сайттың аты қосымша хабарланады,-дейді Мұқаш Оралбай.
Мұндай бағдарлама Астана, Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Абай, Ұлытау, Жетісу өңірлерінде іске қосылған.
- Біз Маңғыстау жастарының болашағына үлкен қадам жасап жатырмыз. Пайыздық мөлшерлеме өте ыңғайлы, жылдық үстеме 5 пайыз ғана. Бастапқы жарна да осы санат үшін 10 пайызды құрайды. Жастар облыстың басқа қалалары мен аудандарында тұрғын үй сатып алатын болса 10 млн теңгеге дейін, ал Ақтау қаласынан алған жағдайда 15 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бұл бағдарлама жастарға бірқатар жеңілдік тудырады деген ойдамын. Өтінімдерді қабылдау ресми сайтта 15 қарашада басталады. Алдағы уақытта қаржыландыру мөлшері өседі. Тұрғын үйді алғашқы және екінші нарықта сатып алуға болады,- деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.