Маңғыстауда жаз айларында аптап ыстық күтіледі
АҚТАУ. KAZINFORM — Облыс бойынша 2025 жылдың жазына арналған маусымдық ауа райы болжамын «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнынының мамандары жасады. Ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының бастығы Жұлдыз Исабекованың айтуынша, аймақта +43 градусқа дейін аптап ыстық болады.
— Жаз айларында Манғыстау облысы бойынша орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады деп күтіледі. Кей күндері +37+43°С дейін аптап ыстық болуы ықтимал. Алайда, жекелеген күндері жаңбыр жауып, ауа температурасының төмендеуі байқалады. Жаз айларында жауын-шашынсыз ұзақ кезеңдер жиі болуы ықтимал, бірақ кей күндері нөсерлі жаңбыр жауады деп болжануда, — дейді ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының бастығы Жұлдыз Исабекова.
Сондай-ақ, мамандар бір айға арналған ауа райының консультативтік болжамы синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілетінін және онкүндік болжамдармен нақтыланатынын жеткізді. Маусым айына толық болжам мамырдың 15 де шығады.
Бұған дейін, Маңғыстауда құтқарушылар мен волонтерлар із-түссіз жоғалған 33 жастағы тұрғынды әлі таппай жатқаны туралы жазған болатынбыз.