Маңғыстауда жеке сот орындаушы 3 млн теңгеден астам қаржыны туыстарының шотына аударған

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында жеке сот орындаушысына қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: gov.kz

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта прокуратура жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі атқарушылық құжаттардың орындалу заңдылығына тексеру жүргізіп жатыр.

Тексеру барысында жекелеген сот орындаушылардың борышкерлерден өндіріп алынған қаражатты өндіріп алушыларға аударуға арналған арнайы есепшоттан үшінші тұлғалардың, оның ішінде өздерінің жақын туыстарының шоттарына 3 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз аударғаны анықталған.

«Аталған жеке сот орындаушысына қатысты Қылмыстық кодекстің 251-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады прокуратура.

Қазіргі уақытта жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі атқарушылық құжаттардың уақытылы орындалуына қатысты тексеру жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Таразда жеке сот орындаушысы 1,1 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды.