Маңғыстауда жол жөндеу жұмысына бөлінген қаржыдан 2,7 млрд теңге қысқартылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» республикалық автожолын жөндеу жобасының сметасынан 2,7 млрд теңге қысқартылды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Фото: ҚазАвтоЖол

Көлік прокурорлары жол жобаларын зерделеу барысында аталған автожолдың күрделі жөндеуіне қатысты жобалық-сметалық құжаттамада кейбір материалдар мен жұмыс түрлерінің бағасы дұрыс көрсетілмегенін анықтаған.

Прокуратураның ұсынысынан кейін жобаның сметалық құны қайта есептелді. Нәтижесінде жоба құны 21,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Осылайша, прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде бюджет қаражатының 2,7 млрд теңгесін тиімсіз жұмсауға жол берілмеді.

Жөнделіп жатқан «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» автожолының учаскесі 50 шақырымды құрайды. Жұмысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп жатыр.

Компанияның мәліметінше, биыл жолға асфальтбетонның екі қабаты төселіп, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Уақытша жол белгілері орнатылған.

Асфальтбетонның үшінші, ұсақ түйіршікті қабатын төсеу жұмыстары келесі жылдың жаз айларына жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарын 2027 жылдың III тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.

Бұған дейін, Жол жөндеуге 10 млрд теңге тиімсіз бөлінгені анықталды.