Маңғыстаудағы автогаз тапшылығы қашан шешіледі

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда көлік жүргізушілері автогаз құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекке шағымданып жатыр. Қала мен қала маңындағы бірқатар бекетте газ жоқ немесе жұмыс істемей тұр. Ал газ бар станцияларда көліктер кезек күтуге мәжбүр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Өңір билігі жағдайдың себебін түсіндіріп, сұйытылған мұнай газын жеткізу көлемі жақын арада тұрақтанатынын мәлімдеді.

Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаевтың айтуынша, өңірде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі жоғары. Облыста 185 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Оның 103 мыңнан астамы немесе 56 пайызы газбен жабдықталған. Бұдан бөлек, соңғы үш жылда шетелден транзиттік нөмірмен 22 мыңнан астам көлік әкелінген. Олардың басым бөлігі сұйытылған мұнай газын тұтынады.

Ай сайын облысқа Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауытынан» және Атырау мұнай өңдеу зауытынан 18 мың тонна негізгі және 1-2 мың тонна көлемінде қосымша газ жеткізіледі. Алайда 25 маусым мен 15 шілде аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осыған байланысты қосымша бөлінетін 1 мың тонна сұйытылған мұнай газы Ақтөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» зауытынан жеткізіле бастаған. Қазіргі таңда Ақтөбе зауытынан бөлінген 1 мың тоннаның 438 тоннасы Маңғыстауға жеткізілген, қалған 556 тоннасы жолда. Газдың теміржол арқылы тасымалдануы логистикалық қиындықтар туғызып, өнімнің өңірге кешігіп жетуіне әсер еткен.

Фото: Энергетика министрлігі

— Атырау мұнай өңдеу зауыты 20 шілдеден бастап толық өндірістік режимге өтті. Осыған байланысты Энергетика министрлігі шілде айына қосымша көлем бөлді. Атыраудан негізгі және қосымша көлемдерді есептегенде 2 мың тонна сұйытылған мұнай газы келе бастайды, — дейді Пікір Сансызбаев.

Оның айтуынша, жаз маусымында өңірде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі 15-20 пайызға артады. Бұған Маңғыстаудың туристік аймақ болуы және жаз мезгілінде көлік қозғалысының көбеюі себеп.

Фото: Ғайсағали Сейтақ

Сонымен қатар аудан әкімдіктері автогаз құю станцияларына күн сайын екі рет мониторинг жүргізіп жатыр. Жұмыс уақытынан ерте жабылған, кеш ашылған немесе автогазды тек талон арқылы сататын бекеттер анықталған жағдайда, заң аясында шаралар қабылданатыны айтылды.

Ал Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлы газ тапшылығына байланысты оның бағасы көтеріледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

— Маңғыстау облысында газдың бекітілген бағасы — 72 теңге. Бұл — Қазақстан бойынша ең төменгі баға. Қазіргі таңда өңірдегі жағдай тұрақты. Сұйытылған мұнай газының бағасын көтеру мәселесі күн тәртібінде жоқ, — дейді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жауапты тұлғалардың мәліметінше, Жаңаөзен қаласы, Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған және Мұнайлы аудандарында газ жеткізілімі мен оның сатылуы жіті бақылауда.

Өңір билігінің мәліметінше, сұйытылған мұнай газын жеткізу көлемі біртіндеп ұлғайып, жақын арада автогаз тапшылығы толық жойылады.

Бұған дейін, Ақтаудағы автогаз кезегіне қатысты әкімдік түсініктеме берді.