Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: 300-ден астам адамнан жауап алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеудіжалғастырып жатыр.

Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілді.

— Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олар — Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректерін жария етуге болмайды.

Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.

Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Айта кетелік Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында әскери оқу-жаттығулар кезінде анықталған кемшіліктер мен сарбаздардың қауіпсіздігін күшейту шаралары туралы айтқан еді.