2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан аман қалған атыраулық сарбаз жағаға өзі жүзіп шыққан

АТЫРАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғадан аман қалған атыраулық 19 жастағы Бекет Қуандық өз күшімен жағаға жүзіп шыққан. Бұл туралы сарбаздың ата-анасы айтты.

Фото Бекет Қуандықтың ата-анасынан

Бекет Қуандықтың ата-анасы осы жағдайды естігеннен кейін Ақтау қаласына жолға шығып, ұлымен кездескен. Сарбаздың жағдайы жақсы, өзі жүріп-тұра алады.

— Балам дін аман. Мұндайды көру ешкімнің басына бермесін. Ауруханаға жатпаған. Өз күшімен жағаға жетті. Қалғаны тексеріс барысы біткен соң айтылатын болар, — деп жазды Бекеттің анасы.

Бекет Қуандық — Атырау облысына қарасты Махамбет ауданының тұрғыны. Ол былтыр қазан айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.

— Қазақстан халқы үшін бұл өте қиын жағдай. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ешкімнің басына бермесін. Көз жұмған балалардың жақындарына көңіл айтамын, — деді ол.

Бұған дейін Маңғыстауда қаза тапқан түркістандық әскери қызметшінің денесі туған жеріне жеткізілгенін жазған едік.