Маңғыстауды өзгертетін идеялар: 120 жас бір аптада 9 жоба әзірледі

АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауда «BOLASHAQ ME» облыстық жазғы бизнес-лагері өтіп, оған Маңғыстау облысынан 120 оқушы мен студент қатысты. Жеті күн ішінде тоғыз команда өңірдің нақты мәселелерін шешуге арналған тоғыз жоба әзірледі.

Фото: «Halyk» қоры

Берілген тапсырмалар бойынша әр команда бір жыл ішінде жүзеге асыруға болатын, құны 5 миллиард теңгеге дейінгі бизнес-жоба ұсынуы керек. Бағдарламаның бір бағыты жастардың жасанды интеллект құралдарын іс жүзінде қолдануына арналды.

Лагерь 10–17 тамыз аралығында өтті, оны Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының «Тәлімгер» мансап және кәсіпкерлікті дамыту орталығы ұйымдастырды. Лагерьге Маңғыстау облысынан «Тәлімгер» орталығында жыл бойына өткен байқаулар мен жобаларда үздік нәтиже көрсеткен 120 оқушы мен студент қатысты. Сондай-ақ кәсіби бағдар беруші мұғалімдер арасындағы сайыс жеңімпаздары арнайы жолдамаға ие болды. Қатысушылар тоғыз командаға бөлінді.

Жасанды интеллект арқылы мамандықтарды зерттеді

«BOLASHAQ ME» әдеттегі дәрістерден гөрі тәжірибеге негізделді. Бір апта ішінде қатысушылар командалық квесттерден өтіп, дизайн-ойлау әдістерін меңгерді, бизнес-кейстерді талдап, кәсіпкерлік және әлеуметтік жобалар әзірледі. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – кәсіби бағдар және жасанды интеллект құралдарын пайдалану болды.

Фото: «Halyk» қоры

«Мамандықтар станциясында» жастар ЖИ көмегімен түрлі кәсіпті зерттеп, әр салаға қажетті білім мен дағдыларын, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді талдады.  Жастар лагерьде сарапшылармен және кәсіпкерлермен де кездесті.  «Риза Ана» қайырымдылық қорының директоры Бибігүл Рамазанова жастармен әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.

Лагерьге қатысқан Айсұлтан үшін ең маңызды тәжірибенің бірі – өз ойын көпшілік алдында жеткізуді үйрену болған.

-Лагерьге келгенде өз ойымды көпшілік алдында айту қиын болды. Командамен жұмыс істеген сайын пікіріңді айтудан қорықпау керек екенін түсіндім.  Ең маңыздысы – идея туралы жай айтып қана қоймай, оны іске асыру үшін әрекет ету керектігін үйрендім, – дейді ол.

Фото: «Halyk» қоры

5 миллиард теңге және бір жыл

Жеті күндік бағдарламаның соңында командаларға Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық жағдайын оңалтатын бизнес-жоба әзірлеу тапсырылды. Жобалар түрлі салаларды қамтыды. Қатысушылар идеяның құндылығын дәлелдеп, алғашқы пилоттық жоспарын ұсынды. 

Ерекше балаларға арналған жоба жеңіске жетті

Бірінші орынды «Phoenix» командасының TORSYQ Town жобасы иеленді. Олар Ақтауда мәдениет, туризм, шығармашылық және инклюзияны біріктіретін әлеуметтік орталық құруды ұсынды.

Жобаның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың тегін білім алып, шығармашылықпен айналысуларына мүмкіндік жасау. Команда 5 миллиард теңгелік инвестиция арқылы іске асатын орталықтың кейін туризмнен түсетін табыс есебінен өзін-өзі қаржыландыратын әлеуметтік бизнеске айналу моделін әзірледі. Сарапшылар бұл жобаны үздік деп таныды.

Екінші орын «Spider» командасының MANGYSTAU AGRO жобасына бұйырды. Бұл жобаның авторлары Маңғыстаудағы су тапшылығы мен мал шаруашылығы мәселелеріне технологиялық шешім ұсынды. Жоба суды үнемдеу, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және Smart мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Үшінші орынды «Red Flag» командасының Inclusive Medical Center жобасы алды. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арналған медициналық-әлеуметтік орталық. Оның ерекшелігі – мамандар баламен ғана емес, олардың ата-аналарымен де жұмыс істейді. Шалғай аудандардан келетіндерге жатақхана қарастырылған.

Қалған командалар да Маңғыстауға қатысты өзге де мәселелерді көтерді. Олардың арасында Каспий жағалауындағы цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін QUTQAR AI, өңірдің экологиялық проблемаларына арналған MangystauECO, туризм қызметтерін бір платформаға біріктіретін «МАҢҒЫСТАУ TUR», шалғай елді мекендердегі білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған «Білім керуені» секілді бастамалар бар.

Тоғыз жобаның жалғасы қандай болмақ

Фото: "Халық" қоры

Лагерь соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды, жеңімпаз командалар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Финалдық кезең жобаның аяқталғанын білдірмейді. Алдағы оқу жылында «Тәлімгер» орталығында қатысушылармен жұмыс жалғасып, жастарға идеяларын одан әрі пысықтауға, дамытуға және жобалық дағдыларын жетілдіруге бағыт-бағдар беріледі.

«Тәлімгер» бағдарламасының басшысы Айгүл Ахметова лагерь нәтижесін тек жеңімпаздар санымен бағалауға болмайтынын айтады.

-Осы жеті күнде жастар бір-бірінен көп нәрсе үйренді.  Біз үшін осы өзгерістің өзі құнды. Алдағы уақытта қатысушылар біздің орталықтан өз идеяларын одан әрі пысықтап, дамытуға бағыт-бағдар алады. Біз жастардың жобалық ойлауын дамытуға, идеясын жүйелеуге және оны нақты бастамаға айналдыру жолдарын үйренуіне мүмкіндік жасайтын боламыз, – деді ол.

«Тәлімгер» жобасы жыл бойы оқушылар мен студенттердің кәсіби бағдар алуына, кәсіпкерлік және көшбасшылық дағдыларын дамытуына мүмкіндік береді.