Маңғыстаудың Бейнеу ауылында тұрғынды қарақұрт шақты
АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға Сарға ауылында болған. Жаңаөзендік тұрғын аталған елді мекенге қыдырып келген. Оны үйдің ауласында қарақұрт шағып алды.
Зардап шеккен тұрғын Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың дене қызуы 40 С-қа дейін көтеріліп, аяқтары жансызданып келген.
— Науқас қан қысымының көтерілуі, аяқтың жансыздану, іш пен сол жақ бел аймағының ауырсынуына және бірнеше күн бойы іштің қатуына шағымданды. Ол дереу терапия бөліміне жатқызылып, ем қабылдады. Қызуы түсіп, жағдайы тұрақталды. Бірақ, ішек жұмысының бұзылуына байланысты хирургия бөліміне ауыстырылды. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты, дәрігерлердің бақылауында, — дейді Бейнеу аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Қайыржан Түйебаев.
Бұған дейін Бейнеу ауданында бірнеше ауылды қара қоңыз қаптап кеткен еді.